«ҚазТАГ» ісіндегі куә «алаяқтық», «топ-менеджер» деген сөзді Қасенов қосқанын айтты

Алматының Алмалы ауданы сотында «ҚазТАГ» агенттігі мен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 20 шілдедегі сот отырысына куә ретінде СҚО облысы адвокаттар алқасының адвокаты Светлана Оралбаевадан жауап алынды. Куәнің айтуынша, «ҚазТАГ» агенттігі «Фридом Финанс» туралы жариялаған материалдардың тақырыбындағы «алаяқтық» және «топ-менеджер» сияқты сөздерді агенттіктің бас редакторы Әмір Қасенов қосқан. Әйел мұндай сөздерді мүлде айтпағанын және материалдарды жарияламастан бұрын мәтінмен таныспағанын айтты.
«Алаяқтық», «топ-менеджер» деген тақырыптың бәрі – Қасеновтің сөзі. Мен ондай сөздерді айтқан емеспін. Мұндай тақырып материалды әсерлі етіп, оқырман назарын аудару үшін қойылған. Жарияламастан бұрын бізге мәтінді жіберген жоқ», – деді Оралбаева.
Әйел Қасеновпен қалай танысқанын да айтып берді. Сөзінше, ол уақытқа дейін «ҚазТАГ-та» тергеу туралы материалдар жарияланған. Содан кейін шағымданушылардың бірі Карина Гайфулина жағдайды түсіндіру үшін агенттіктің бас редакторымен байланысқа шыққан.
Оралбаеваның сөзінше, телефон арқылы сөйлескен кезде Қасенов оларды редакцияға шақырып, болған оқиғаны егжей-тегжей баяндауды сұраған. Айтуынша, редакцияда негізінен шағым айтып барғандар сөйлеген, ал өзі ол кезде олардың мүддесін қорғау туралы келісімшарт жасамағандықтан, әңгімеге араласпаған.
«Мен үндемей тұрдым. Не үшін келгенімізді ғана айттым. Ол кезде ешқайсысымен арада келісімшарт болған жоқ», – деп түсіндірді ол.
Алайда шамамен жарты сағаттан кейін Қасенов әңгімені дәл адвокаттың сөзінен бастауды ұсынған.
«Ол «Адвокаттан бастайық» деді. Мен аң-таң болып «неге?» деп сұрадым. Ол «Жалпы сипаттап айтуымыз керек, материал күрделі», деп жауап берді. Қазір мұның не үшін жасалғанын түсіндім. Мені негізгі дереккөз ретінде көрсету үшін екен», – деді Оралбаева.
Оның пікірінше, материалға көпшілікті сендіру үшін өзінің адвокат ретіндегі процессуалдық мәртебесі пайдаланылған. Сонымен қатар ол істің мән-жайын толық білмегенін және видео түсіріп жатқан кезде келтірілген шығын көлемін шағымданушылардан нақтылап сұрап отырғанын айтты.
Сондай-ақ адвокат түсірілім кезінде Қылмыстық-процестік кодекстің 183-бабы бойынша БАҚ арқылы жүгіну тәртібінің құқықтық жағын түсіндіруге тырысқанын, алайда Жанна Қапарова (сотталушы – ред.) сөзін екі рет бөлгенін мәлімдеді.
Оралбаеваның айтуынша, видео аяқталған соң ол Қасеновтен материалды жарияламас бұрын өзіне көрсетуін сұраған, өйткені өзі БАҚ арқылы мәселе көтеруді құптамаған. Бас редактор уәде еткенімен, материалдар оның келісімінсіз жарияланған.
«Мен бірден ақпараттың жазылу форматы ұнамайтынын айттым. Неге маған ғана сілтеме жасалған? Мен бірден бұған қарсылық білдірдім», – деді ол.
Оралбаеваның сөзінше, жарияланған материалдардан айтқан сөзінің үзік-үзік етіп берілгенін байқаған.
«Мен айтқан бір сөйлемнің не басы, не соңы ғана алынған. Бір мақалада сөйлем толық берілсе, екіншісінде тек соңғы бөлігі ғана жарияланған», – деді адвокат.
Бұған дейін Светлана Оралбаева «Фридом Финанс» АҚ-мен медиативті келісім жасап, компанияға қатысты бұрын айтқан мәлімдемелерінен ресми түрде бас тартты. Ол Жанна Қапарова өзін жаңылыстырғанын, ал «ҚазТАГ» жарияланымдарында оның сөздері контекстен жұлынып алынғанын мәлімдеген.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірінде Жанна Қапарова «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасеновпен алдын ала сөз байласқан. Қапарова қоғамдық резонанс арқылы брокерді өтемақы төлеуге мәжбүрлеуді көздесе, Қасенов сайттың қаралымын арттыру мақсатында жалған мәліметтерді жариялауға келіскен.
Дау 2024 жылдың күзінде Карлығаш Қапарованың бұрынғы менеджер Темірлан Бековке қарсы арыз жазуынан басталған. Алайда 2025 жылдың жазында Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл істі толық тоқтатты. Тергеу барысында клиент Бековтің жұмыстан кеткенін біле тұра оған шотының логині мен құпиясөздерін өз еркімен бергені, табыстың 20 пайызын төлеуге келіскені және әрбір мәмілені SMS-код арқылы өзі растағаны анықталған. Осылайша, ол брокерлік компанияның ішкі талаптарын бұзған.
«ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі 15 маусымда басталды.
«ҚазТАГ» ХАА бас редакторы Әмір Касенов пен Астана тұрғыны Жанна Қапарова жалған ақпарат таратты деп айыпталып отыр. Ал агенттіктің бас директоры Әсет Матаев бұзақылық және қызметтік міндеттеріне адал қарамау баптары бойынша сотқа тартылған.