Ыстықтың беті қайтып, бұршақ жауады
Жарияланды

«Қазгидромет» 21-23 шілдеге ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктер шілденің шіліңгір ыстығының қайтатынын айтып отыр. Атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, күн күркірейді, жел күшейеді. Кей аудандарда толассыз жаңбыр жауып, бұршақ жаууы әрі дауыл соғуы мүмкін.
Жауын-шашынға байланысты аптап біртіндеп басылады. Күндіз ауа температурасы төмендегідей болады деп күтіліп отыр:
- елдің солтүстігі мен солтүстік-батысында +20…+30°С;
- республиканың орталығы мен шығысында +22…+35°С;
- оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде +27…+35°С;.
- елдің батысында Ираннан келетін ыстық ауа массаларының әсерінен +30…+42°С жоғары температура сақталады.
Кейінгі бір аптада елде аптап ыстық болып, сынап бағанасы кей өңірде 40 градустың үстіне шықты. Орман өрттері жиілеп, бір күнде 10-нан астам өрт ошағы тіркелген кездер болды. Әсіресе Семей орманындағы өрт бірнеше күн бойы жанды.