AliExpress-ке заңсыз және жалған тауар сатқаны үшін 629 млн доллар айыппұл салынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Еуропалық комиссия қытайлық AliExpress платформасына заңсыз және қауіпті тауарлардың таралуына жол бергені үшін 550 млн еуро айыппұл салды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Бұл – Еуроодақтың Цифрлық қызметтер туралы заңы (Digital Services Act) аясында салынған ең ірі айыппұл. Бұған дейін X әлеуметтік желісі 120 млн еуро, ал Temu маркетплейсі 200 млн еуро көлемінде айыппұл арқалаған.

Реттеуші органның мәліметінше, AliExpress тыйым салынған тауарлардың таралу қаупін дұрыс бағаламаған және сатып алушыларды қорғау үшін жеткілікті шара қолданбаған. Компания тауарларды бақылау жүйесі тиімді жұмыс істейді деп санаған. Сонымен қатар заңсыз тауарларды анықтайтын мамандардың жұмысы жеткілікті деп есептеген.

Еурокомиссия мәліметі бойынша, платформаның ұсыныс алгоритмдері мен жарнамалық жүйелері заңсыз өнімдердің таралуына ықпал еткен. Сонымен қатар AliExpress тауарларды бақылау тиімділігін тек бір ғана сандық көрсеткіш арқылы бағалаған.

Соның салдарынан жалған өнімдер, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ойыншықтар мен косметика платформадан бірнеше апта бойы өшірілмей тұрған. Кейбір сатушыларға санкция қолданылғаннан кейін де тыйым салынған тауарларды ұсынуды жалғастырған.

Сондай-ақ танымал брендтердің өнімдерін сатуға рұқсатты тексеру жүйесі де тиімсіз деп танылды. Тексеру жүйесі жалған тауарлардың пайда болуына тосқауыл қоя алмаған. Ал сатушыларды бақылауға жауапты мамандар саны аз болған.

«Бұл сатып алушылар үшін өте қауіпті және ережелерді сақтайтын компанияларға қатысты әділетсіздік», – деді Еурокомиссия төрағасының технология мәселелері жөніндегі орынбасары Хенна Вирккунен.

2025 жылы Еуропада AliExpress қызметін 193 млн адам пайдаланған. Компания 20 қазанға дейін анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша жоспарын ұсынуға тиіс. Егер ұсынылған шаралар Еурокомиссия талаптарына сәйкес келмесе, желтоқсан айында платформаға қосымша айыппұлдар салынуы мүмкін.

Айта кетейік, AliExpress-ке қатысты тексеру 2024 жылдың наурызында басталған. Ал 2025 жылдың маусымында Еурокомиссия алдын ала қорытынды жасап, платформа заңсыз тауарлардың таралу қаупін бағалау және оны азайту талаптарын толық орындамай отырғанын анықтаған.

Бұған дейін Қазақстанда да шетелдік маркетплейстерге қатысты жаңа талаптар қарастырылған. Соның бірі – Temu, Pinduoduo және AliExpress-тен әкелінетін тауарларға 22% салық енгізу бастамасы.

Сондай-ақ оқыңыз