Дрондар мен қызметтік иттер көмегімен 550 келіге жуық есірткі тәркіленді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда есірткіге қарсы ауқымды операция кезінде 550 келіге жуық есірткі тәркіленді. Құқық қорғау органдары жасырын өсірілген қарасора алқаптары енді тікұшақ, дрон және ғарыштық бақылау арқылы анықтауда.

Шу өңірінде дрондар арқылы ондаған ошақ анықталды

Іс-шара маусым айынан бері қарасора өсетін аймақтарда жүргізілуде. Операцияға полиция қызметкерлерімен қатар Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері тартылған.

Құқық қорғау органдары іздеу жұмыстарында заманауи технологияларды қолдануда. Атап айтқанда, әуеден бақылау үшін тікұшақтар, дрондар және ғарыштық мониторинг жүйелері пайдаланылып жатыр.

Ерекше назар Шу өңіріне аударылған. Мұнда дрондардың көмегімен жабайы қарасораның ондаған ошағы анықталып, жойылды.

Қызметтік иттер 90 қылмысты анықтауға көмектесті

Операция барысында кинологтар мен қызметтік иттер де белсенді қолданылуда. Олар автожолдарда, теміржол нысандарында және есірткі тасымалдануы мүмкін бағыттарда тексеру жүргізіп жатыр.

ІІМ мәліметінше, қызметтік иттердің көмегімен 90 есірткі қылмысының жолы кесіліп, есірткінің заңсыз айналымға түсуіне тосқауыл қойылған.

«Қарасора» операциясы жалғасады

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, операция есірткі қылмысына қарсы күресте тиімділігін көрсетіп отыр.

«Заманауи технологиялар мен кешенді шаралардың арқасында қойылған міндеттер нәтижелі орындалуда. «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді», – деді Елдар Әбдікенов.

«Қарасора-2026» іс-шарасы аясында құқық қорғау органдары есірткі шикізаты өсетін аумақтарды анықтау, жою және заңсыз тасымалдың алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Теміртау маңында полиция қызметкерлері үй жағдайында ұйымдастырылған есірткі плантациясын анықтаған болатын. Тексеру кезінде 125 түп өсімдік табылып, 19 жастағы жергілікті тұрғын күдікке ілінді.

Сондай-ақ оқыңыз