
2025 жылы валюта айырбастау талаптарын бұзғаны үшін ақша айырбастау орындарына 174,2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Ұлттық банк пен сот органдары жүргізген тексеріс нәтижесінде жүздеген әкімшілік іс қозғалып, ереже бұзғандарға қатаң шара қолданылған.
Жыл ішінде оларға 222 тексеріс жүргізілді: соның 128-і жоспарлы, 13-і жоспардан тыс және 81-і құжаттамалық тексеріс болды. Тексеріс қорытындысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 874 іс қозғалған.
2026 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, қолма-қол шетел валютасы нарығында 2 125 айырбастау пункті жұмыс істейді. 2024 жылмен салыстырғанда (2 078 бірлік) 47 пунктке артық.
Оның ішінде 1 533-і (72,14%) банктер мен «Қазпошта» АҚ-қа тиесілі болса, 592-сі (27,86%) – банктік емес айырбастау пункттері. Бір жыл ішінде банктік айырбастау пункттерінің саны 19-ға, ал банктік емес пункттер 28-ге көбейді.
2025 жылы айырбастау орындары халыққа 1,7 трлн теңге валюта сатқан.
Айырбастау пункттерінде сатып алу және сату бағамдары арасында негізсіз айырмашылықты болдырмау және алыпсатарлыққа жол бермес үшін 2025 жылдың 28 ақпанынан бастап арнайы шект белгіленді. Сатып алу және сату бағамының ауытқу шегі АҚШ доллары үшін – 7 теңге, еуро үшін 10 теңге болып бекітілді.
Ұлттық банк былтыр банктерге де валюта заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл салған. Қаржы ұйымдары жарты млрд теңгеге жуық айыппұл арқалады.