
Қазақстандағы автокөлік өндірісі қарқын алып келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында отандық зауыттар 94,4 мың көлік құрастырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 35%-ға көп.
Жыл соңына дейін өндіріс көлемін 190 мың автомобильге жеткізу жоспарланып отыр. Яғни зауыттар қазіргі қарқынды сақтаса, биыл елдегі автокөлік өндірісі жаңа рекордқа жақындауы мүмкін.
Қазақстанда автокөлік өндірісі қарқын алды
Қазақстанда шығарылған көлік құралдарының саны, мың дана
Соңғы бес жылда бұл салаға 457 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған. Қазақстанда Hyundai, Chevrolet, Kia, JAC, Jetour және басқа да брендтердің көліктері құрастырылады. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы модельдер қатарын көбейтіп, импорттық көліктерге тәуелділікті біртіндеп азайтып жатыр.
Дегенмен өндірістің өсуі көлік бағасы міндетті түрде арзандайды деген сөз емес. Бағаға қосалқы бөлшектердің құны, валюта бағамы, салықтар және утильалым сияқты шығындар әсер етеді.
Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеде 6 млн-нан астам автокөлік тіркелген. Оның 5,05 миллионы – жеңіл автомобильдер.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда шығарылған көліктер қаншаға арзандады?