Талдықорған-Текелі тасжолында жүріп келе жатқан көліктің үстіне ағаш құлады

Талдықорған-Текелі тасжолында үлкен ағаш жүріп келе жатқан жеңіл автокөліктің үстіне құлады. Салдарынан жүргізуші зардап шекті.
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлауынша, оқиға 21 шілдеде Қарабұлақ-Текелі автожолындағы «Өмір бұлақ» маңында болған. Қатты соққан желдің салдарынан ағаш жолдың жүру бөлігіне құлап, қозғалып бара жатқан Toyota Camry автокөлігін басып қалған.
Салонда бес адам болған. Оқиға салдарынан жүргізуші жарақат алды. ТЖД мәліметінше, автокөлік ішінде қысылып қалған адамдар болған жоқ. Құтқарушылар құлаған ағашты аралап, жолдың жүру бөлігін тазалады және көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті.
Ескелді ауданының әкімдігі зардап шеккен адамның Ескелді ауданының Орталық аудандық ауруханасына жеткізілгенін хабарлады. Оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Жүргізушілерге қатты жел кезінде жоғары сақтық таныту, қауіпсіз жылдамдық режимін сақтау және жолдың жүру бөлігіне ағаштар мен басқа да нысандардың құлау ықтималдығын ескеру ұсынылды.