Украина қазақстандық мұнай тиелген танкерге шабуыл жасамағанын мәлімдеді

Украина билігі Новороссийск порты ауданындағы Каспий құбыр консорциумы (терминалы арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдайтын танкерлерге жасалған шабуылдарға қатысы жоқтығын мәлімдеді. Мәлімдемені елдің Қазақстандағы елшісі Виктор Майко жасады.
Дипломат Киевтің 17, 19 және 20 шілдеде болған оқиғаларға байланысты Қазақстанның алаңдаушылығын түсінетінін атап өтті, алайда алдын ала қорытынды жасамауға шақырды.
«Бүгінгі таңда сөз болып отырған шабуылдың украин тарапынан жасалғанына ешқандай дәлел жоқ. Сондықтан сіздерден Украинаға қатысты тікелей немесе жанама, асығыс әрі негізсіз айыптаудан аулақ болуды сұраймын», – деп мәлімдеді Виктор Майко.
Елші сондай-ақ Украина Қарулы Күштері азаматтық нысандарға, соның ішінде Ресей аумағындағы нысандарға соққы жасамайтынын мәлімдеді.
Виктор Майко Украинаның Қазақстанды әскери нысана ретінде қарастырмайтынын ерекше атап өтті.
«Қазақстан, оның азаматтары, инфрақұрылымы мен экономикалық мүдделері ешқашан Украина тарапынан әскери нысана ретінде қарастырылған емес және қазір де қарастырылмайды. Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына немесе Қазақстан Республикасының басқа да экономикалық және энергетикалық нысандарына жасалған кез келген шабуыл Украинаның мүддесіне сай келмейді», – деді ол.
Сөз соңында дипломат Украина Қазақстанды дос мемлекет деп санайтынын және өзара құрмет, сенім мен сындарлы диалог негізінде екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне үміт артатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, осыған дейін Қара теңіздегі қазақ мұнайы тиелген танкерге тағы да дрон түскенін жазған едік.