Жамбылдық полицейлер өзбекстандық 37 жас футболшыны құтқарды

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында бұзылып қалған көлік көмек көрсетті. Ал көліктің ішінде Өзбекстаннан келген жас футболшылар болған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға автожолдың 568-шақырымында, Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылына жақын жерде болған. Автобуста Өзбекстанның 42 азаматы – 37 бала және 5 ересек адам болған. Команда Қырғызстанда өткен халықаралық футбол турниріне қатысып, үйіне қайтып бара жатқанда көлік құралы істен шыққан.
Оқиға туралы хабарлама алған бойда полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Балалар аптап ыстықта қалмауы үшін, оларды ересектермен бірге Нұрлыкент ауылының Мәдениет үйіне жеткізді.
«Қонақтар үшін ыстық тамақ ұйымдастырылып, ауыз сумен қамтамасыз етілді және демалуға қажетті барлық жағдай жасалды», – деп хабарлады Polisia.kz.
Резервтік автобус келгеннен кейін жас спортшылар үйіне қарай жолын жалғастырды.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында жағдайдың тез арада шешілгенін атап өтті. Оқиға салдарынан балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.