Жаңалықтар

Жамбылдық полицейлер өзбекстандық 37 жас футболшыны құтқарды

Жамбылдық полицейлер өзбекстандық 37 жас футболшыны құтқарды / Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында бұзылып қалған көлікке көмек көрсетті. Ал көліктің ішінде Өзбекстаннан келген жас футболшылар болған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға автожолдың 568-шақырымында, Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылына жақын жерде болған. Автобуста Өзбекстанның 42 азаматы – 37 бала және 5 ересек адам болған. Команда Қырғызстанда өткен халықаралық футбол турниріне қатысып, үйіне қайтып бара жатқан жолда көлік бұзылған.

Оқиға туралы хабарлама алған бойда полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Балалар аптап ыстықта қалмау үшін ересектермен бірге Нұрлыкент ауылының Мәдениет үйіне жеткізді.

«Қонақтар үшін ыстық тамақ ұйымдастырылып, ауызсумен қамтамасыз етілді және демалуға қажетті барлық жағдай жасалды», – деп хабарлады Polisia.kz.

Резервтік автобус келгеннен кейін жас спортшылар жолын жалғастырды.

Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында жағдайдың тез арада шешілген. Оқиға салдарынан балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.