Қазақстан автокөлік саласына 10 мыңнан астам маман керек – министр

Алдағы үш жылда Қазақстанның автокөлік өнеркәсібіне 10 мыңнан астам инженер мен жұмысшы маман қажет болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір автокөлік саласына қажетті мамандар 19 жоғары оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы бойынша даярланып жатыр. Бүгінде автомобиль саласына қажетті бағыттар бойынша инженерлік білім алып жатқан студенттердің саны 4 мыңға жуықтайды.
«Биыл осы бағыттарға 3 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемдік деңгейдегі мамандар даярлануда. 176 маман даярланды, қазіргі уақытта 23 стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа да елдерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтуде», – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, инженерлік кадрларды даярлаудың бірыңғай жүйесіне көшу көзделіп отыр. Осы бағытта инженерлік білім берудің пәнаралық стандарты енгізіліп, білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы байланыс күшейтілуде. Сондай-ақ мамандардың кәсіби дамуын жалғастыруға мүмкіндік беретін жаңа тетіктер әзірленуде.
Сондай-ақ Саясат Нұрбек автокөлік саласына қажетті жаңа мамандықтар енгізілетінін мәлімдеді. Осы бағытта 31 жаңа мамандық әзірленіп, 22 мамандықтың мазмұны жаңартылады.