Қазақстанда бампер, электр сымдары және доңғалақ дискілері шығарылады

Қазақстанда шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобусқа арналған металл бөлшектер, орындықтар және мультимедиялық жүйелер шығарылады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Бүгінде Қазақстанда:
- шиналар;
- қозғалтқыш бөлшектері;
- аккумуляторлар;
- автобустарға арналған металл бөлшектер;
- орындықтар;
- мультимедиялық жүйелер өндірісі жолға қойылған.
Сонымен қатар бамперлер, электр сымдары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын шығару бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Үш қалада ірі өнеркәсіптік кластерлер жұмыс істейді
Елімізде автокомпонент өндірісін дамыту үшін машина жасау және көлік саласына қатысты заң қабылданып, оған «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілген.
Қазір ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанайда, Саран қаласында және Алматыда жұмыс істейді. Бұл кластерлерде автокөлік құрастырумен қатар, қажетті бөлшектер өндірісін дамыту, жаңа жеткізушілерді тарту және толыққанды өндірістік тізбек қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, Ерсайын Нағаспаев бұған дейін Қазақстанда Li Auto, OMODA, JAECOO және SITRAK көліктерін шығару жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.