Қазақстанда шығарылған көліктер қаншаға арзандады – министр жауабы

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық автокөліктер бағасының қалай өзгергенін айтты.

Оның сөзінше, Қазақстанда шығарылған көліктер арзандай бастаған.

«Көлік бағасы төмендеп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Біз Қазақстанда шығарылған автомобильдердің бағасы қалай өзгергенін талдадық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың бағасы шамамен 5%-ға төмендеген. Ал шетелдік өндірістегі көліктердің бағасы, керісінше, аздап өскен», – деді Нағаспаев.

Журналистер министрден көлік бағасы төмендегенімен, автонесие мөлшерлемелерінің неге жоғары болып отырғанын сұрады.

«Мемлекеттік бағдарлама болған, ол жақсы жұмыс істеді. Қазір әр компанияның тиімді несие шарттары ұсынылатын жеке бағдарламалары бар. Компания өкілдері өз ұсыныстары туралы толығырақ айтып бере алады деп ойлаймын. Олар көлік бағасын төмендетіп қана қоймай, өздерінің несие бағдарламаларын іске қосып, сатып алушыларға несие беріп жатыр», – деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов елге заңсыз әкелінетін көліктерге қарсы шараларды күшейту қажеттігін айтқан еді. Осы мақсатта кедендік бақылау мен техникалық реттеу саласындағы жаңа тәсілдерді 1 қыркүйекке дейін енгізу тапсырылды.

Сондай-ақ оқыңыз