Қазақстанда Li Auto, OMODA және JAECOO көліктері шығарыла бастайды

Қазақстанда алдағы жылдары Li Auto, OMODA, JAECOO және SITRAK маркалы көліктер шығарыла бастайды. Сонымен қатар BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты қуаттау станцияларының желісі дамытылады. Бұл жоспарлар 2028 жылға дейінгі автомобиль өнеркәсібін дамыту аясында жүзеге аспақ. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев үкімет отырысы кезінде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстандағы автомобиль жасау саласы кезең-кезеңімен дамып келеді.
«2020 жылдан бастап сала дамудың жаңа кезеңіне өтті. Дәнекерлеу мен бояу процестерін қамтитын толық циклді өндіріс енгізіле бастады. Соның нәтижесінде өндірістік әлеует артып, жыл қорытындысы бойынша 171 400 автокөлік шығарылды», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның сөзінше, ендігі басты міндет – дайын көлік құрастырумен ғана шектелмей, оның бөлшектерін де Қазақстанда өндіру.
Қазақстанда жаңа автокөлік брендтері шығарылады
Министр Мемлекет басшысының Қытайға сапары барысында автомобиль жасау саласы бойынша бірнеше маңызды келісімге қол жеткізілгенін айтты.
Атап айтқанда:
- Li Auto автомобильдерін шығару;
- OMODA және JAECOO көліктерінің өндірісін іске қосу;
- SITRAK пилотсыз жүк көліктерін шығару;
- BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты қуаттау станциялары желісін дамыту жоспарланған.
Екі ірі зауыт іске қосылды
Өткен жылы елімізде жалпы инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын екі ірі кәсіпорын – KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттары іске қосылды.
Министрдің айтуынша, өндіріс орындары толық автоматтандырылған және заманауи технологиялармен жабдықталған. Қазір онда 135 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді.
Автокомпонент өндірісіне басымдық беріледі
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, автомобиль өнеркәсібінің келесі кезеңіндегі негізгі бағыттардың бірі – локализация деңгейін арттыру.
«Ендігі негізгі міндет – дайын автокөлік шығарумен қатар, оның құрамдас бөліктерін өз елімізде өндіруді дамыту», – деді министр.
Осы мақсатта қазақстандық жеткізушілердің өндірістік экожүйесін қалыптастыру, жаңа нарықтарды игеру және инженерлік әлеуетті күшейту көзделіп отыр.
Автозауыттарға жасанды интеллект енгізіліп жатыр
Бүгінде Қазақстанда жеңіл автомобиль, автобус, жүк көлігі және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бұл кәсіпорындарда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр.
Атап айтқанда, өндірістегі қауіпсіздікті бақылауға арналған жасанды интеллект негізіндегі ахуалдық орталық іске қосылған. Сонымен қатар дәнекерлеу сапасын автоматты бақылайтын жүйелер мен өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде модельдеуге мүмкіндік беретін Digital Twin технологиялары қолданылып жатыр.