Health

Қазақстанда шылым шегетіндер өкпе обырына тегін тексеріле алады

Фото: pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстанда 28 шілдеден бастап скринингтік тексерулерді өткізу қағидалары жаңартылады. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, елде алғаш рет қауіп тобына кіретін азаматтар өкпе обырына тегін тексеруден өте алады.

Кімдер тегін тексеруден өте алады

Өкпе обырына скринингтен 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68 және 70 жастағы қазақстандықтар өте алады. Алайда олар бронх пен өкпенің қатерлі ісігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрмауы тиіс.

Қауіп тобына:

  • қазіргі уақытта темекі шегетіндер;
  • бұрын темекі шеккен, бірақ оны 15 жылдан аз уақыт бұрын тастаған адамдар енгізілді.

Бұл ретте олардың темекі шегу өтілі кемінде 20 «қорап-жыл» (pack-year) болуы қажет. Бұл көрсеткіш адамның бір жыл бойы күн сайын бір қораптан (20 тал) темекі шеккенін білдіреді.

Сондай-ақ соңғы 10 жыл ішінде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген азаматтар да тегін тексеруден өте алады.

Өкпе обырына арналған скрининг екі жылда бір рет жүргізіледі. В және С вирусты гепатиттеріне тексеру кеңейтіледі. Сонымен қатар В және С вирусты гепатиттеріне арналған скрининг бағдарламасы да кеңейтіледі.

Енді 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер, егер олар созылмалы вирусты гепатит бойынша динамикалық бақылауда тұрмаса және жүктілікке байланысты есепте болмаса, тегін тексеруден өте алады. Бұл тексеру үш жылда бір рет жүргізіледі.

Скрининг нәтижелері цифрлық форматқа көшіріледі

Енді тексеру нәтижелері медициналық ұйымдардың цифрлық ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

Егер скрининг барысында қандай да бір ауытқулар анықталса, дәрігер сол жүйе арқылы пациентті тексерудің екінші кезеңіне жібереді. Кейін қорытынды диагнозды, әрі қарайғы бақылауға қатысты ұсынымдарды немесе скринингтің аяқталу себебін де осы жүйеге енгізеді.

Жаңа ережеге сәйкес, 30 мыңнан астам тіркелген тұрғыны бар емханаларда орталықтандырылған скрининг орталықтары мен call-орталықтар құрылады.

Олардың негізгі міндеті – азаматтардың скринингтен уақытылы өтуін бақылап, онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмыстарын үйлестіру.

Еске салайық, осыған дейін мамандар темекіні тастаудың өмір сүру ұзақтығына қалай әсер ететінін түсіндірген еді.