Қазақстанда VOLVO және электр жүк көліктерінің өндірісі іске қосылады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Қазақстанда VOLVO және электр жүк көліктерін шығару жоспарлануда / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда VOLVO жүк көліктері мен электрлі жүк машиналары шығарыла бастайды. Hyundai Trans Auto кәсіпорнында жылына 500 VOLVO көлігін шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Қазірдің өзінде Қазақстанда Scania және HOWO сияқты әлемдік брендтердің жүк көліктері шығарылады.

Сонымен қатар биылғы жылдың IV тоқсанынан бастап Hyundai Trans Auto кәсіпорнында жылына 500 VOLVO жүк көлігін шығару жоспарланған. Ал Barys Truck Manufactory компаниясы XCMG-мен бірлесіп электр жүк көліктерін өндіру жобасын жүзеге асырып жатыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, автомобиль өнеркәсібінің дамуы білікті мамандарға тікелей байланысты.

«Саланың одан әрі дамуы инженерлік әлеует пен білікті кадрларға тікелей байланысты. Осы мақсатта кәсіпорындар инженерлік құзыреттерді дамытуға, кадрлық резерв қалыптастыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға жүйелі түрде инвестиция салып келеді», – деді министр.

Кәсіпорындар мамандарды даярлауға көңіл бөледі

Кадр даярлау жұмыстары жоғары оқу орындары мен колледждермен бірлесіп, дуалды оқыту бағдарламасы арқылы жүргізілуде.

Сонымен қатар өңірлерге мамандар тарту үшін кәсіпорындар:

  • корпоративтік кампустар;
  • жатақханалар салып;
  • қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіп жатыр.

Оның ішінде медициналық сақтандыру, тамақтандыру, көлікпен қамтамасыз ету және тұрғын үй бағдарламалары қарастырылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінде 10 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда автокомпонент өндірісін кеңейту мақсатында бамперлер, электр сымдары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын шығару жобалары қолға алынғанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз