Жазда жүк көліктері қозғалысына шектеу енгізіледі: нені білу керек

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Шектеу белгілі бір уақытқа енгізіледі/фото: shutterstock

Жазда жүк көліктеріне уақытша шектеулер енгізіледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады

Шектеу ауа температурасы +25 C-тан жоғары болған кезде оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөліктерге қолданылады. Сондай-ақ шектеу белгілі бір уақытқа енгізіледі. 

Шектеу мерзімі

1 маусымнан 15 тамызға дейін сағат 11:00-21:00 аралығында ауа температурасы +25 C-тан жоғары болған жағдайда мына өңірлерде шектеулер енгізіледі:

Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.

1 маусым 31 тамыз аралығында сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін ауа температурасы +25 C-тан жоғары болған жағдайда шектеулер мына өңірлерде қолданылады:

Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау облыстары.

Осы уақыттан басқа кезде көліктер қозғалысына шектеу қойылмаған.

Сонымен қатар А-1 «Астана – Петропавл (Көкшетау арқылы)» автомобиль жолының 68–196 шақырым аралығында ауа температурасы +25 C-тан жоғары болған кезде дара оське түсетін жүктемесі 9 тоннадан асатын көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылады.

Шектеу енгізілмейтін көліктер

Жазғы шектеулер мына көліктерге қолданылмайды:

  • халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық жүк және жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көліктерге;
  • төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жұмыстарына тартылған көліктерге;
  • тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын көліктерге;
  • жолаушылар мен жүк тасымалдайтын көліктерге;
  • қауіпті жүктерді тасымалдайтын көліктерге;
  • -қайта жаңарту жүргізу үшін мердігер ұйымдарға берілген жол учаскелеріндегі жол-құрылыс жұмыстарына тартылған техникаға;
  • Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиесілі, сондай-ақ әскери тасымалдарды жүзеге асыратын көліктерге;
  • зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізетін көліктерге.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен шектеулер туралы ақпаратты 1403 байланыс орталығы арқылы білуге болады. 

Елде ауыр жүк көліктерінің қала ішіне кіруіне бақылау күшейтіледі. Егер жүк көлігі автоматтандырылған өлшеу жүйесінен өтпесе, оған бірден айыппұл салынып, көлік айып тұрағына қойылады

Сондай-ақ оқыңыз