BYD 9 минутта қуатталатын жаңа Qin Max көлігінің салонын көрсетті

BYD компаниясы Dynasty модельдік желісіне кіретін жаңа Qin Max орта өлшемді седанының интерьерін таныстырды. Бұл туралы CarNewsChina хабарлады.
Жаңа модель бір қуаттаумен 630 шақырымға дейін жүре алады. Сондай-ақ ол өз санатындағы ең жылдам қуаттау жүйелерінің бірімен жабдықталады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жаңа көліктің Қытайдағы сатылымы 13 тамызда басталады. Ал көрме үлгілері дилерлік орталықтарға шілде айының соңында жеткізіледі.
Жаңа BYD Qin Max туралы не белгілі

Модельдің басты ерекшелігі – Flash Charging технологиясы қолданылған екінші буындағы Blade Battery аккумуляторы. BYD мәліметінше, оны 10%-дан 70%-ға дейін 5 минутта, ал 10%-дан 97%-ға дейін 9 минутта қуаттауға болады. Тіпті ауа температурасы минус 30 градусқа дейін төмендеген жағдайда да, толық қуаттау уақыты бар болғаны үш минутқа ғана ұзағырақ болады.
Көліктің салоны BYD компаниясына тән фирмалық стильде жасалған. Автомобильде цифрлық аспаптар панелі, мультимедиялық жүйенің үлкен сенсорлы экраны, екі тармақты руль, смартфонды сымсыз қуаттауға арналған орын және екі стақан қойғыш қарастырылған. Сондай-ақ сатып алушыларға салонның Dawn Purple атты жаңа әрлеу түсі ұсынылады.

Qin Max өлшемдері жағынан Toyota Camry моделіне жақын: ұзындығы – 4866 мм, ені – 1880 мм, ал доңғалақ базасының ұзындығы – 2820 мм.
Сатып алушыларға екі нұсқа ұсынылады:
- Qin Max DM-i гибриді – 101 ат күшіне ие 1,5 литрлік іштен жанатын қозғалтқышпен және 235 ат күшіндегі электр қозғалтқышымен жабдықталады;
- толық электрлі Qin Max EV – қуаты 161 немесе 322 ат күшін құрайтын электр қозғалтқышымен шығарылады.
Электрлі нұсқа аккумулятор сыйымдылығына байланысты CLTC циклі бойынша 530 немесе 630 шақырым жүре алады.
Жаңа седан қанша тұрады?

Қытай дилерлерінің мәліметінше, Qin Max DM-i гибридінің бағасы 115 мыңнан 145 мың юаньға дейін (шамамен 8–10 млн теңге) болады. Ал толық электрлі Qin Max EV нұсқасы 125 мыңнан 155 мың юаньға дейін (шамамен 8,7–10,7 млн теңге) бағаланады.
Егер бұл бағалар ресми түрде расталса, BYD Qin Max аса жылдам қуаттау технологиясы бар марканың ең қолжетімді седандарының біріне айналып, Қытай нарығындағы басқа танымал модельдермен бәсекеге түсе алады.
Айта кетейік, бұған дейін BYD компаниясының премиум бренді Denza жаңа Denza Z9S электрлі седанының алғашқы ресми суреттерін таныстырған болатын.