Қазақстанның бес пойыз бағытына спутниктік интернет қосылды

Қазақстандағы бес пойыз бағытына Wi-Fi интернеті қосылды. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Қазір интернет қызметі мына бағыттардағы пойыздарда жұмыс істейді:
- Қызылорда – Павлодар;
- Жезқазған – Астана;
- Астана – Семей;
- Алматы – Достық (Алакөл);
- Қызылорда – Көкшетау.
Қызметті пайдалану үшін жолаушылар пойыздағы Wi-Fi желісін таңдап, авторизациядан өтуі қажет.
«Осыдан кейін WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламаларды тегін алмасу қызметін пайдалана алады. Бұдан бөлек интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілерге, бейнесервистерге және жұмысқа арналған қосымшаларға толық қолжетімділік беретін ақылы тарифті рәсімдеуге мүмкіндік бар»– делінген хабарламада.
Тасымалдаушыларға барлық жолаушылар пойыздарын интернетпен қамту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау тапсырылды.
Айта кетейік, бұған дейін «Арай транс KZ» компаниясының Астана – Семей – Достық бағытындағы №121/122 пойызында Starlink спутниктік интернеті іске қосылған болатын.