Францияда орман өрті курортқа жақындады: 20 мыңға жуық адам эвакуацияланды

Францияның Атлантика жағалауындағы орман өртіне байланысты туристерді қосқанда 20 мыңға жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды AP.
Өрт Бордоның оңтүстік-батысындағы Леж-Кап-Ферре курорттық қаласының жанындағы орманда тұтанған. Тілсіз жау 2400 гектардан астам аумақты шарпыды.
Зардап шеккендер жоқ.
Түнде қауіпсіз жерлерге 10 мыңнан астам адам, соның ішінде демалыс базалары мен кемпингтерден адамдар көшірілді. Сондай-ақ, орман жиегінде орналасқан үйлердің мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланды.
Кейінірек сақтық шарасы ретінде Клауэ елді мекені және онда орналасқан бірнеше кемпинг эвакуацияланды – тағы 8800 адам. Бірнеше муниципалитетте эвакуацияланғандар үшін уақытша орналастыру пункттері ашылды.
Өртті сөндіруге 700-ге жуық өртсөндіруші, соның ішінде Париж өңірінен келген бөлімшелер мен авиация тартылды. Жалын Леж-Кап-Ферредегі алғашқы үйлерге 300 метрге дейін жақындап қалды.
Франция жаз басталмай тұрып-ақ бірнеше аптап ыстық толқынын бастан өткерді. Жоғары температура өсімдіктердің қатты құрғап кетуіне әкелді, соның салдарынан өрттің таралу қаупі артты. Жыл басынан бері елде 12,5 мыңнан астам құрғақ шөптің тұтануы тіркелді. Өрт шамамен 44 мың гектар аумақты шарпыған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда абай облысындағы «Семей орманы» аумағы бірнеше күн бойы өртенген.