Қазақстанда гидтер мен экскурсия жүргізетіндерге жаңа талаптар енгізілді

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Гидтер, экскурсия жүргізушілер және туризм нұсқаушыларының қызметін реттейтін бірыңғай қағидалар бекітілді. Енді олар eLicense.kz порталы арқылы қызметінің басталғаны туралы хабарлама беруге міндетті, ал олардың қызметі мемлекеттік электронды тізілім арқылы бақыланады.

Гидтерге қойылатын талаптар мен міндеттер

Енді гид, экскурсия жүргізуші немесе туризм нұсқаушысы болып жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Сондай-ақ қызметтің басталғаны туралы eLicense.kz порталы арқылы хабарлама жіберуі қажет.

Мамандар өз қызметін қандай ұйымдық-құқықтық нысанда жүргізетінін өздері таңдай алады. Қазір оларды өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызмет түрлері тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңа қағидаларға сәйкес гидтер туристерге маршрут пен баратын орындар туралы нақты ақпарат беруге міндетті. Сондай-ақ сапар барысында туындауы мүмкін қауіптер туралы алдын ала ескертіп, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.

Егер төтенше жағдай болса, гидтер уәкілетті органдар мен туристердің жақындарына дереу хабар беруге міндетті. Ал қауіпті бағыттарға шығатын туристер ықтимал тәуекелдермен танысқаны туралы жазбаша келісім береді.

Мемлекеттік тізілім жасалады

Туризм және спорт министрлігі гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының мемлекеттік электронды тізілімін жүргізеді. Ол қызметтің басталғаны туралы келіп түскен хабарламалар негізінде жасалады.

Тізілім Министрліктің және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ресми интернет-ресурстарында жарияланады. Бұл туристерге заң талаптарына сай жұмыс істейтін мамандарды таңдауға мүмкіндік береді.

Осыдан бір жыл бұрын мәжіліс қабырғасында шетелдік гидтер туристерді өздері алып келіп, экскурсия өткізгенімен, Қазақстанда заңды түрде тіркелмейтіні сөз болған. Сол кезде гидтерді міндетті сертификаттауды енгізіп, туризм нарығындағы бақылауды күшейту ұсынылған.

Сондай-ақ оқыңыз