Экономика

Үкімет жаңа KazSat-3R спутнигін жасауға 10,4 млрд теңге бөлді

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам

Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құруға резервтен 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жаңа аппарат қолданыстағы KazSat-3 спутнигін алмастырады. KazSat-3-тің пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Жоба ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Бұл бастама шалғай әрі халық аз қоныстанған ауылдарда интернет пен телерадио хабарларын тарату сапасын арттырады. Сонымен қатар елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен технологиялық егемендігін нығайтады.

Қазіргі таңда KazSat жүйесін ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік органдар пайдаланып отыр. Жүйеге 19 оператор қосылған, ал телехабар тарату қызметін 2 миллионнан астам абонент қолданады.

Бүгінде ел халқының 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған, 4,5 мыңнан астам ауылға интернет жеткізілді. Қатынауы қиын елді мекендерге интернет спутник арқылы берілуде. Жүйелі жұмыстар аясында талшықты-оптикалық желілер кеңейтіліп, «Соңғы миль» жобасы, 5G, автожолдарды байланыспен қамту шаралары жүргізілуде.

Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн көрсетіледі. Сонымен бірге елімізде суперкомпьютерлік қуаттар мен QazTech бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды.

Бұған дейін KazSat-3 жер серігін алмастыруға 87,2 млрд теңге жұмсалатыны хабарланған. Соның 46,9 млрд теңгесі «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ның өз қаражаты есебінен, ал 40,3 млрд теңгесін республикалық бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз ету жоспарланған.