Үлкен Алматы көліне апаратын соқпақ кеңейтіліп, аспалы жол салынады

Алматының әсем жерлерінің бірі – Үлкен Алматы көліне апаратын аспалы жол станциясының тұжырымдамасы таныстырылды.
Қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жоба экологиялық таза көлік түрін дамытуға, шаһардың ең танымал туристік орындарының біріне қолжетімділікті арттыруға әрі табиғи аумаққа түсетін антропогендік жүктемені азайтуға бағытталған.
Одан бөлек Үлкен Алматы көліне апаратын жүргіншілер соқпағы көркейтілгелі жатыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды маршрут бойымен жүріп өтіп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған учаскені аралап көрген.

Жоба аясында ұзындығы 5,3 шақырым болатын заманауи туристік соқпақ салынады.
«Онда келушілердің қауіпсіз әрі жайлы қозғалысы үшін барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылады. Маршрут бойына бағыттаушы белгілер мен ақпараттық стендтер орнатылып, демалыс орындары, шолу алаңдары, фотоаймақ, күрделі учаскелерде баспалдақтар мен өткелдер, сондай-ақ шағын сәулеттік нысандар орнатылады», делінген әкімдік хабарламасында.

Одан бөлек «Алматы – Космостанция» автожолы мен «Алма-Арасан» шипажайына апаратын кіреберіс жол күрделі жөндеуден өтпек. Ұзындығы 26,5 шақырым жол толық жаңартылып, автотұрақ салынады. Бұл көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, аталған аумақтағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Алматы әкімі барлық жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырып отыр.
Бұған дейін, жөндеу жұмыстарына байланысты Шымбұлаққа апаратын жол қараша айының соңына дейін жартылай жабылатынын жазғанбыз.