Жібек Құламбаева Гамбургтегі WTA-250 турнирінің ширек финалына шықты

Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Жібек Құламбаева (136) Гамбург ашық чемпионатында жеңіспен бастады. Латвия өкілі Дарья Семенистаямен (204) жұптасқан алматылық теннисші Германияның Тамара Корпач (165)/Нома Ноа-Акугуэ (270) тандемін 6:3, 6:3 есебімен жеңді.
26 жастағы Құламбаева таңғалдыруын жалғастыруда. Өткен аптада Жібек Армения атынан өнер көрсететін бұрынғы ресейлік Алина Чараевамен бірге Яссыдағы WTA-250 турнирінің финалына шыққан. Онда тек чемпиондық тай-брейкте чех-ресейлік Анастасия Децюк/Ирина Хромачева дуэтіне 6:4, 2:6, 5:10 есебімен есе жіберді.
Румыниядан Германияға ауысып, серіктесін өзгерткен қазақстандық теннисші MSC Hamburg Ladies Open турнирін сәтті бастады. Матчты бірден белсенді бастаған қазақстандық-латвиялық тандем бірінші сетте басымдық танытты – 3:0, 5:1. Сегізінші геймде неміс қыздары бір брейкті қайтарғанымен, оны бекіте алмады – 3:6.
Екінші партияның төртінші геймінде Жібек пен Дарья қара нәсілді неміс теннисшісі Ноа-Акугуэнің добын тартып алды – 3:1. Келесі геймде Семенистаяның доп беруінде есеп 40:40 болғанда, Құламбаева тор алдындағы пәрменді соққысымен брейкті бекітті – 4:1.
Алтыншы геймде алматылық пен ригалық теннисші үш жасырын матчболды жіберіп алып, қарсыластарына 40:0 есебінен теңесуге мүмкіндік берді. Дегенмен іс нағыз матчболдарға жеткенде, Жібек пен оның серіктесі өз мүмкіндіктерін сенімді түрде пайдаланды. 1 сағат 15 минут ішінде 6:3, 6:3. Жеңіп алынған барлық ұпайлар саны – 58:45.
Ширек финалда Құламбаева мен Семенистая тағы бір моноұлттық дуэтпен ойнайды. Гамбургте екінші нөмірмен себілген мықты чех қыздары Джесика Малечкова (54) мен Мириам Скох (53) стартта румыниялық Ирина Бару (192) мен швейцариялық Наима Карамоконы (95) қапы қалдырды – 2:6, 6:0, 10:3.