Ағза донорлығы: ДСМ шенеуніктерді Балаевадан үлгі алуға шақырды

Лауазымды тұлғалардың қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беруі қазақстандықтардың осы рәсімге деген сенімін күшейтеді. Республикалық транспланттауды үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызметтер орталығының директоры Айдар Ситказинов осылай деп мәлімдеді.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беретінін ашық айтқан болатын.
«Вице-премьеріміздің қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімін көпшілік алдында білдіруі басқа басшыларға да белгілі бір серпін береді деп ойлаймын. Бәлкім, олар да осы үлгіні қолдап, өз келісімдерін ашық түрде жариялайтын шығар», – деді Ситказинов.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибе басқа елдерде де бар. Мысалы, Ұлыбританияда премьер-министр қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесіне қатысты өз ұстанымын көпшілік алдында білдірген.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту үшін кешенді жұмыс қажет екенін атап өтті.
«Бұл іске медицина қызметкерлері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар қатысуы керек. Бұл мәселені тек медицина мамандарының күшімен шешу мүмкін емес», – деп қорытындылады Ситказинов.
Айта кетейік «Электронды үкімет» порталында 172 283 адам өз ұстанымын ресми түрде тіркеген. Оның ішінде 16 109 қазақстандық қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берсе, 156 174 азамат бұл рәсімнен бас тартқан.
21 мамырдағы мәлімет бойынша, елімізде ағза ауыстыру операциясын күтіп жүрген 4 739 пациент бар. Олардың қатарында 125 бала бар.