Әлемдік нарықта Brent мұнайының бағасы 100 доллардан асты

Жарияланды 24 Шілде 2026 09:34

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қазақстандағы өндірістің мәжбүрлі қысқаруы мен Қызыл теңіздегі танкерлерге жасалған шабуыл салдарынан Brent маркалы мұнай бағасы бірден 7%-ға қымбаттады.

ICE фьючерстік биржасының мәліметтеріне сәйкес, мұнайдың қыркүйектегі фьючерстері 7,2%-ға өсіп, барреліне 100,8 АҚШ долларына жетті. Сарапшылар бағаның бұлайша шарықтауын бір-бірімен тығыз байланысты екі негізгі фактормен түсіндіреді.

Қызыл теңіздегі шиеленіс және логистикалық тығырық

Бағаның өсуіне түрткі болған алғашқы себеп – Қызыл теңізде Сауд Арабиясының екі танкеріне жасалған соққы. Бұл шабуылдарды Йемендегі Иран қолдайтын «Ансар Аллах» (хуситтер) әскери-саяси тобы өз мойнына алды. Елдің айтарлықтай бөлігі мен Сана қаласын бақылауда ұстап отырған бұл топ Аймақтағы Сауд Арабиясы, Израиль және АҚШ-қа қарсы Иран мүддесін қорғайды.

Аталған қақтығыстар Үнді мұхитына шығатын жалғыз жол әрі Ормұз бұғазынан кейінгі екінші маңызды су артериясы саналатын Баб-әл-Мәндеб бұғазының толық жабылуына әкеп соғуы мүмкін.

Хуситтер Сауд Арабиясына қарсы әскери-теңіз блокадасын жариялады. Сондай-ақ Иран мен АҚШ арасындағы уақытша келісім бұзылғаннан кейін, Иран тарапы АҚШ энергетикалық инфрақұрылымға соққы беруді тоқтатпаса, бұғазды жабатынын ескертіп, хуситтерге қысым көрсеткен.

Ал АҚШ Президенті Дональд Трамп кейінгі шабуылдар үшін Иранды жауапқа тартатынын мәлімдеді.

Қазақстандағы мұнай өндірісі күрт төмендеді

Мұнай бағасының қымбаттауына әсер еткен екінші ірі фактор – Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің азаюы. 21 шілдеде Новороссийск маңындағы теңіз терминалында дрон шабуылдары жиілегендіктен, кемелер мен экипаж қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) Қазақстаннан мұнай қабылдауды тоқтатты.

Резервуарлардың толып кетуіне байланысты өндіруші компаниялар жұмысты баяулатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде елдегі жалпы мұнай өндірісі 21,3%-ға төмендеп, тәулігіне 1,63 млн баррельді құрады. Ал ірі Теңіз кен орнындағы өндіріс екі есе қысқарды.

Бұл құбыр арқылы Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80%-ға жуығы тасымалданатындықтан, бұл инфрақұрылымның тоқтауы әлемдік ұсыныс көлеміне тікелей әрі ауыр соққы болып тиді.

Сондай-ақ оқыңыз