Алдағы үш күнде ауа райы күрт құбылады

Қазақстанда жақын күндері ауа райы тосын мінез көрсетеді. Елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, дауыл соғады. Ал елге Ираннан келетін ыстық ауа массаларының әсерінен кей өңірлерде күн күрт ысиды.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 25-27 шілде күндері Атлантикалық циклонның әсерінен елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Шығыс өңірлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, жел күшеюі мүмкін. Ал батыс және солтүстік-батыс облыстарында жауын-шашын болмайды.
Синоптиктердің болжамынша, Ираннан келетін ыстық ауа массаларының әсерінен республиканың көп бөлігінде аптап ыстық қайта күшейеді.
Күндіз батыс және солтүстік-батыс өңірлерде ауа температурасы +38…+43 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстікте +30…+35, орталықта +28…+39, оңтүстікте +36…+41 градус болады.
Оңтүстік-шығыста ауа температурасы +29…+37 градусқа дейін жетсе, солтүстік-шығыс пен шығыс өңірлерде +23…+32 градус аралығында болады.