Бірыңғай QR және картадағы ақша: депозиттерге берілетін кепілдік өзгерді ме

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Банктер туралы жаңа заң нормалары, Бірыңғай QR жүйесінің іске қосылуы және банктердің әмбебап лицензия алуы – осының бәрі елдегі жинақтарды қорғау деңгейіне қалай әсер етеді? Қазақстанның депозитке кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) қаржы нарығындағы соңғы жаңалықтарға қатысты өз түсініктемесін берді.

1. Төлем басталатын мерзім қысқарды

Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер салымшылардың құқығын қорғауды айтарлықтай күшейтті. Басты жаңалық – қандай да бір банк лицензиясынан айырылған жағдайда, ҚДҚБҚ резервінен төлемдерді бастаудың шекті мерзімі 35 жұмыс күннен 20 жұмыс күніне дейін азайды.

Шын мәнінде, бұл түзетулер бұған дейін қалыптасқан тәжірибені заң жүзінде бекітті. Қор бұған дейін де кепілдік өтемақыны бекітілген нормативтерден әлдеқайда жылдам төлеп келген.

Мәселен, «Tengri Bank», «АзияКредит Банк» және «Capital Bank Kazakhstan» салымшылары төлемді лицензия қайтарып алынғаннан кейін 6–8 жұмыс күні ішінде-ақ ала бастаған. Ол кезде бұл банктердің салымшыларына 38 миллиард теңгеден астам қаражат төленді.

2. «Бірыңғай QR» және басқа технологиялар жинақтардың қорғалуына ықпал етпейді

Банкаралық QR-төлемдер жүйесінің іске қосылуы төлем карталарындағы ақшаның қорғалу деңгейіне әсер етпейді. Картадағы қаражат та кәдімгі депозиттер мен ағымдағы шоттар сияқты заңмен толық қорғалған.

Клиенттердің төлемді қай әдіспен жасағаны маңызды емес:

  • «Бірыңғай QR» арқылы;
  • Смартфон немесе смарт-сағатпен (Apple Pay, Google Pay);
  • Пластикалық картамен немесе басқа да заманауи тәсілдер.

Қандай технология қолданылғанына қарамастан, қор әрбір салымшының банктегі жинақтарына заңмен бекітілген деңгейде кепілдік береді.

3. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер тізілімі өзгерген жоқ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің лицензияларын қайта рәсімдеп, екінші деңгейдегі банктерге кезең-кезеңімен әмбебап банк лицензияларын беріп жатыр. Әмбебап лицензияға өту процесі банктердің миндетті депозитке кепілдік беру жүйесіне қатысуына еш әсер етпейді.

Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімінде бұрынғыша 21 банк бар. Ислам банктерін қоспағанда, бұл жүйеге еліміздегі барлық банктер қатысуыға міндетті.

Сондай-ақ оқыңыз