Әйгілі Көбейтұз көлінен қауіпті химиялық заттар мен аммиак анықталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
General News бөлімінің журналисі
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ақмола облысындағы әйгілі Көбейтұз көлінен қауіпті химиялық заттардың шамадан тыс мөлшері анықталды. Экологтардың мәліметінше, көлге шомылу адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.Бұл туралы Ақмола облысының Экология департаменті «Курсивтің» сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Көрсеткіштер бірнеше есе асып кеткен

16 шілдеде Экология департаментінің мамандары Көбейтұз көлінен су сынамаларын алған. Зертханалық талдау нәтижелері су сапасының қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті.

Экологтар бірнеше көрсеткіш бойынша шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кеткенін анықтады:

  • Аммиак – рұқсат етілген деңгейден 5 есе жоғары;
  • Нитраттар мен нитриттер – нитрат мөлшері 90 мг/дм³ болған (норма – 45 мг/дм³), ал нитриттер 5,2 мг/дм³-ке жеткен (норма – 3,3 мг/дм³);
  • Оттегі тұтыну көрсеткіші – судың биохимиялық оттегі тұтынуы 1,5 есе жоғары, ал химиялық оттегі тұтынуы 39 мгО₂/дм³ болған (норма – 30 мгО₂/дм³);
  • Судың сілтілік деңгейі (pH) – көлдің оңтүстік бөлігінде 9,0, ал «Тұран» нүктесінде 8,7 болған. Қалыпты көрсеткіш 6,5–8,5 аралығында болуы тиіс;
  • Минералдану деңгейі – сульфаттардың мөлшері нормадан шамамен екі есе жоғары, ал хлоридтер көлемі 403 мг/дм³ болған (норма – 350 мг/дм³).

Экологтардың айтуынша, Көбейтұз – халық көп баратын демалыс орны. Сондықтан көлдегі химиялық және органикалық ластану шомылатын адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін.

Көбейтұз ерекше қорғалатын аумаққа айналуы мүмкін

Көлдегі экологиялық жағдайға байланысты билік Көбейтұзды ерекше қорғауға алуды жоспарлап отыр. Президент әкімшілігінің тапсырмасымен Ақмола облысының әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп, қызғылт көлге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру мәселесін пысықтап жатыр.

Экология департаментінің мәліметінше, бұл жұмыс аясында ғылыми-зерттеу мақсатында арнайы іс-шаралар жүргізіледі. Мамандар көлдің гидрологиялық режимін жан-жақты зерттеп, рекреациялық әлеуетін бағалайды және бірегей экожүйені сақтауға бағытталған ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлейді.

Сондай-ақ оқыңыз