Алматыда Құлжа тасжолының бір бөлігі үш күнге жартылай жабылады

Алматыда 27 шілде 08:00-ге дейін Құлжа тас жолындағы көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Бұқтырма көшесінен қала шекарасына дейінгі учаскеде асфальт-бетонның жоғарғы қабаты төселеді. Осыған байланысты 24 шілде сағат 20:00-ден 27 шілде сағат 08:00-ге дейін аталған жол бөлігінде көлік қозғалысы реттеліп, реверсивті режим енгізіледі.

Әкімдік жүргізушілерге уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтап, жылдамдық режимін бұзбауды ескертті. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеге ескерту белгілері және мердігер ұйым басшысының байланыс ақпараты көрсетілген ақпараттық тақталар орнатылады.
Айта кетейік, бұған дейін 24 шілдеден бастап Медеу – Тұйықсу жолында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілетіні хабарланған еді. Осыған байланысты Шымбұлаққа автокөлікпен қатынау қиындайды.