Қазақстандықтар Дубайда өз куәлігімен көлік жүргізе алады – келісім күшіне енді

Бүгін, 25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім күшіне енді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа келісім екі ел азаматтарына ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалану және оларды ауыстыру рәсімін жеңілдетеді.
Енді БАӘ аумағында уақытша жүрген қазақстандықтар өздерінің ұлттық жүргізуші куәліктерін Әмірліктер заңнамасына сәйкес қолдана алады.
Ал тұрақты тұру үшін көшіп барған жағдайда Қазақстан азаматтары В санаты (жеңіл көліктер) және В1 кіші санаты (үш дөңгелекті көліктер мен квадроциклдер) бойынша жүргізуші куәлігін теориялық және практикалық емтихан тапсырмай-ақ айырбастай алады.
Осындай тәртіп Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келген БАӘ азаматтарына да қолданылады.
Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін қолданыстағы ұлттық куәлік, тұруға рұқсат беретін құжат, құжаттың ресми аудармасы (БАӘ-де – араб тіліне, Қазақстанда – қазақ немесе орыс тіліне), сондай-ақ міндетті медициналық тексеруден өту қажет.
ІІМ мәліметінше, айырбастау кезінде ұлттық жүргізуші куәлігі тәркіленбейді. Рәсім аяқталғаннан кейін екі елдің уәкілетті органдары тек жүргізуші куәлігінің ауыстырылғаны туралы бір-біріне хабарлайды.
Бұл жеңілдетілген тәртіп тек В санаты мен В1 кіші санатына ғана қатысты. Басқа санаттар бойынша жүргізуші куәлігін ауыстыру қабылдаушы елдің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Министрлік шетелде жүрген қазақстандықтарды сол елдің заңдарын сақтауға, жергілікті дәстүрлер мен мінез-құлық нормаларын құрметтеуге шақырды. Ведомство өкілдері әр азамат шетелде жүргенде тек өзін ғана емес, Қазақстанды да таныстыратынын атап өтті.
Айта кетейік, бұл келісім Абу-Дабиде Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен БАӘ премьер-министрінің орынбасары Шейх Саиф бен Заид Әл Нахаян кездесуінде талқыланған.