TikTok балалар қауіпсіздігін сақтамағаны үшін миллиардтаған айыппұл төлеуі мүмкін

Еурокомиссия TikTok-ты балалар аккаунттарының қауіпсіздігін жеткілікті қамтамасыз етпейді деп айыптады. Реттеуші органның алдын ала қорытындысына сәйкес, бөгде адамдар балалар мен жасөспірімдердің аккаунттарын тауып, оларға қол жеткізе алады. Бұл қажетсіз байланыстар мен кибербуллинг қаупін арттырады.
Еурокомиссияның мәліметінше, жасөспірімдер өз аккаунтын өздігінен ашық режимге ауыстыра алады. Сонымен қатар жабық профильдерді де басқа пайдаланушылардың жазылушылары мен жазылымдары тізімі арқылы, тіпті TikTok-та тіркелмеген адамдар да табуы мүмкін.
Реттеуші органның пікірінше, платформаның мұндай мүмкіндіктері кәмелетке толмағандардың қажетсіз хабарламалар алуына немесе алаяқтар мен балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдардың назарын аударуы мүмкін.
«Балалардың контенті ешқашан бейтаныс адамдарға қолжетімді болмауы керек», – деді Еурокомиссия өкілі Томас Ренье.
TikTok компаниясы еуропалық реттеушінің қорытындыларын зерттеп, онымен ынтымақтастықты жалғастыратынын хабарлады. Компания жасөспірімдер аккаунттары үшін қауіпсіздік пен құпиялылықты қамтамасыз ететін 50-ден астам функция қарастырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, TikTok компаниясы Еурокомиссияның қорытындылары әзірге алдын ала жасалғанын атап өтті. Компания тергеу қорытындыларын қарап, өз ұстанымын білдіре алады.
Егер заң бұзушылықтар расталса, TikTok компаниясына әлем бойынша бір жылда тапқан табысының 6%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы үш айында TikTok Қазақстанда ереже бұзған 1,28 миллион видеоны өшірді.