Тағы бір елде балаларға әлеуметтік желіні қолдануға шектеу енгізілуі мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock

Вьетнам 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге кіру талаптарын күшейтеді. Бұл үшін аккаунттарды міндетті түрде растау (верификация) және ата-ана бақылауын енгізу көзделіп отыр. Бұл туралы Kursiv.media Anadolu Ajansı агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Елдегі интернетті реттеу қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін қаулы жобасына сәйкес, әлеуметтік желілер мен онлайн ойындардағы аккаунттарды заңды түрде тіркелген телефон нөмірі немесе жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы міндетті түрде растау талап етіледі. Бұл интернеттегі ашықтықты арттыруға, жалған аккаунттардың ашылуына жол бермеуге және пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған», – делінген хабарламада.

Мәдениет, спорт және туризм министрлігі ұйымдастырған консультациялық семинарда талқыланған жобаға сәйкес, 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың аккаунттарын тіркеу мен басқаруды ата-аналары немесе заңды өкілдері жүзеге асыруы тиіс.

Сонымен қатар, цифрлық платформалар балалардың жасын анықтайтын техникалық тетіктерді енгізуге міндеттеледі. Олар кәмелетке толмағандарға жасына сай контент ұсынып, жеке деректердің қорғалуын күшейтуі және зиянды материалдарды белсенді түрде бұғаттауы тиіс.

Жоба бойынша онлайн ойындардағы аккаунттарды тексеру талаптары күшейтіледі. Сондай-ақ балалардың ойын уақытын шектеу, ойындардың денсаулыққа әсері туралы ескерту жасау және жас санатына қарай контентті бөлу талаптары енгізілмек.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбританияда да балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты шектеулер енгізу мәселесі көтерілген болатын. Ел билігі кәмелетке толмағандарды онлайн қауіптерден қорғау мақсатында әлеуметтік желілерге қолжетімділікті бақылау шараларын қарастырып жатыр.

Дәл осындай шектеуді Францияда енгізбекші.

Мұндай ұсыныстар Қазақстанда да айтылған. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, жұмыс тобы арнайы заң жобасымен жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз