Конгода Эбола жұқтырғандар саны 3 мыңнан асты

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Эболла індетін жұқтырғандар саны артып барады / фото: ЖИ көмегімен жасалған

Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті өршіп барады. Ел билігінің соңғы дерегі бойынша, вирус жұқтырғандар саны 3 075 адамға жетіп, соның 1 354-і қайтыс болған. Осылайша өлім-жітім деңгейі шамамен 44%-ды құрады.

Індет мамыр айының ортасында басталғанымен, кей науқастардың вирус жұқтырғаны кейінірек анықталды. Деректерді қайта тексеру барысында бір күннің ішінде 300-ден астам жаңа жағдай статистикаға қосылған.

Бұл жолы Эболаның сирек кездесетін Бундибугио штамы таралып жатыр. Оған қарсы ресми түрде мақұлданған вакцина мен арнайы ем әзірге жоқ. Дәрігерлер эксперименттік препараттарды қолдануға мәжбүр, алайда олардың тиімділігі туралы мәлімет шектеулі.

Індетті тоқтатуға елдің шығысындағы қарулы қақтығыстар, медициналық құрал-жабдық тапшылығы және жергілікті халықтың дәрігерлерге сенімсіздігі кедергі келтіріп отыр. Кейбір аудандарда қарулы топтар гуманитарлық қызметкерлердің науқастарға жетуін қиындатқан.

Вирус көрші Угандаға да жеткен, бірақ онда жағдай әзірге бақылауда. Елде 20 жағдай тіркеліп, 22 маусымнан бері жаңа науқас анықталмаған.

Сондай-ақ оқыңыз