Алматыда «Гелендваген» мен Suzuki көліктері соғысып, екі адам қаза тапты

27 шілдеге қараған түні Алматы қаласында ірі жол апатынан екі адам қаза тапты. Тағы екі адам ауруханаға түсті.
Оқиға түнгі сағат 03:10-да Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшелерінің қиылысында болған. Mercedes-Benz G-Class пен Suzuki автокөліктері соғысып қалған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатқан Suzuki Шәріпов көшесімен қиылыста кері айналам деп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Ол Рысқұлов бойымен шығысқа қарай кетіп бара жатқан», – деп хабарлайды Алматы полициясы.
Ірі апат салдарынан Suzuki көлігінің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Suzuki-дің тағы бір жолаушы қызы мен Mercedes жүргізушісі ауруханаға түсті.
Алматы қалалық полициясы қылмыстық іс қозғады. Апатқа не себеп болғаны анықталып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, шамамен екі апта бұрын Түркістан облысында ірі жол апаты болып, жеті адам қаза тапқан.