«Челси» Дастан Сәтбаевты ресми түрде қашан таныстырады

Қазақстандық футболшы Дастан Сәтбаев қазіргі уақытта лондондық «Челсимен» бірге оқу-жаттығу жиындарында жүр. Алайда жанкүйерлерді бір сұрақ мазалайды: клуб талантты ойыншыны ресми түрде қашан таныстырады?
Қазіргі уақытта Сәтбаев ағылшындық клубтың маусымаралық дайындық шараларына толықтай араласып, жолдастық кездесулерде бағын сынап жүр. Оған тіпті команда құрамында 36-шы нөмір де берілген. Әйтсе де, ресми презентация мен келісімшартты тіркеу процесі сәл кейінге шегеріліп отыр. Бұған себеп халықаралық футбол федерациясының (FIFA) қатаң регламенті.
FIFA ережесі не дейді?
FIFA-ның трансферлік ережелеріне сәйкес, Еуропалық Одақ аумағына кірмейтін мемлекеттерден шыққан 18 жасқа толмаған футболшылармен халықаралық ресми еңбек келісімшартын жасасуға шектеу қойылған. Бұл ереже жас спортшылардың құқығын қорғау және заңсыз трансферлердің алдын алу үшін енгізілген.
Сондықтан, футболшы 18 жасқа толмайынша, оны ресми жарыстарға тіркеп, толыққанды трансфер ретінде жариялауға заңнамалық тұрғыда рұқсат берілмейді.
Ресми таныстырылым қашан өтеді?
Дастан Сәтбаев 12 тамызда кәмелет жасына толады. Дәл осы күннен бастап барлық заңдық бөгеттер жойылады: 12 тамызға дейін, ойыншы командамен бірге жаттығып, жолдастық ойындарға қатыса береді.
Ал 12 тамыздан кейін «Челси» Сәтбаевпен ресми кәсіби келісімшартқа қол қойып, трансферді FIFA жүйесінде толық тіркейді.
Содан кейін ғана лондондық клуб өз медиа-ресурстарында қазақстандық футболшының ресми таныстырылымын өткізіп, жанкүйерлерге ресми түрде хабарлайтын болады.