Өлім жазасына кесілген қанша адам жазасын «Қара бүркітте» өтеп жатыр

Атырау облысында төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиев жазасын қауіпсіздігі төтенше мекемеде өтейді. Ол үшін сот үкімі заңды күшіне енуі керек. Елде мұндай жалғыз колония бар – ол көпшілікке «Қара бүркіт» деген атпен белгілі №39 мекеме.
KursivMedia ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдап, мекемедегі бір адамға қанша қаржы жұмсалатынын, қанша адамның 25 жылдан бері дәл осы колонияда жазасын өтеп жатқанын білді.
Қазір «Қара бүркітте» өмір бойына сотталған 200-ден аса адам жазасын өтеп жатыр. Оларға тәулігіне кететін шығын шамамен 2 мың теңгеден асады. Оған сотталғанның тамағы және коммуналдық-тұрмыстық қызметке жұмсалатын қаражат кіреді.
20 жастағы жігіт бар
Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандардың ішінде ең егде жастағы сотталған 76 жаста болса, ең жасы небәрі 20 жаста.
200-ден аса адамның ішінде 8 адамның жазасын өтеп жатқанына 25 жылдан асқан.
Өлім жазасына кесілгендер
Қазақстанда 2003 жылдан бастап өлім жазасына мораторий енгізіліп, 2004 жылдан бастап оның орнына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылдаы.
Ел 2021 жылы өлім жазасын толығымен алып тастады. Қазір «Қара бүркітте» жазасына өтеп жатқан 26 адам бір кездері өлім жазасына кесілген, кейіннен жазасы өмір бойына соттауға ауыстырылған.
Өмір бойына сотталғандар бостандыққа шыға ала ма?
Иә, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар 25 жыл түрмеде отырғаннан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы. 2026 жылдың шілдесіне дейін бұл құқықты тек бір адам қолданған. Сот сотталған азаматтың өтінішхатын қарап, шартты түрде босатудан бас тартқан.
«Қара бүркіт» мекемесі
«Қара бүркіт» – Қостанай облысындағы қауіпсіздігі төтенше мекеме. Жітіқара қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан.
Осы мекемеде жазасын өтеп жатқандардың арасында 2012 жылдың мамыры «Арқанкерген» шекара бекетінде болған оқиғадан кейін сотталған Владислав Челах, Алматыдағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов, 2016 жылы Алматыда болған атыстан кейін сотталған Руслан Күлекбаев бар.