Шаңды дауыл және 47 градус: осы аптада бірнеше өңірде аптап ыстық болады

27 шілдеден 1 тамызға дейін Қазақстанның бірнеше өңірінде аптап ыстық болады. Ауа температурасы 47 градусқа дейін көтеріледі. Төтенше жағдайлар министрлігі ескерту жариялады.
Министрліктің мәліметінше, 27-30 шілде аралығында Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында, ал 27 шілде – 1 тамызда Маңғыстау облысында өте қатты ыстық болады. 27-31 шілдеде Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау облыстарында да ауа температурасы айтарлықтай көтеріледі.
27 шілде – 1 тамызда Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында, ал 26 шілде – 2 тамызда Қызылорда, Түркістан облыстарында қатты ыстық болады. Соған байланысты өңірлердің басым бөлігінде өрт шығу қаупі жоғары.
27 шілдеде Батыс-Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында күндіз ауа температурасы 40-43 градусқа дейін көтеріледі.
Дүйсенбі күні Маңғыстау облысында күндіз 43-47 градус өте қатты ыстық болады.
Бүгін Қостанай облысының оңтүстігінде күндіз ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріледі.
27 шілдеде Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау облыстарында күндіз 35-39 градус ыстық болады.
Дүйсенбі күні күндіз Маңғыстау облысының солтүстігінде, орталығында шаңды дауыл тұрады. Оңтүстік-шығыстан жел соғады. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында жел екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.