
Шоқан Уәлиханов туралы деректі көркем фильм түсірілімінің екінші кезеңі тағы төрт локацияда өтіп жатыр. Бұл туралы жоба авторы Майя Бекбаева Instagram-дағы парағына жазды.
Ағартушы әрі ғалым туралы фильмді Астана қаласында, Тайбөбе шатқалында, Солтүстік Қазақстандағы «Айғаным» музей қонысында, сонымен бірге «Алтын-Емел» ұлттық паркінде түсіріп жатыр. Продюсер Бекбаева түсірілім барысынан видео жариялады.
Мәселен, Санк-Петербургтегі салтанатты бал көрінісін Астанадағы опера және балет театрында түсіргені мәлім болды. Ал Қашқар сапарының кейбір көрінісі елорда маңындағы Тайтөбеде түсірілген.
Жобаға Меруерт Өтекешова, Бақтияр Қожа сынды танымал актерлер қатысты. Ал Шоқан рөліне 28 жастағы Ерлан Құлмурзин бекітілді. Алайда осындай шешімді әлеуметтік желідегілер сынап, оны «Шоқанның атқосшысы» деп атады. Артынша продюсер Бекбаева басты рөлге сай актерді ұзақ іздегенін айтып, жұмысын бағалауға кеңес берді.
Бұған дейін Бекбаева Шоқан туралы жаңа фильм экранға қашан шығатыны туралы айтқан.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835–1865) – ұлы қазақ ғалымы, зерттеуші, саяхатшы, тарихшы және этнограф. Ірі тұлғаның өмірбаяны туралы фильмдер 1984 және 1957 жылдары түсірілген.