Тоқаевқа 176 млрд теңгенің заңсыз айналымына тосқауыл қойылғаны баяндалды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: Ақорда
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады.

Тоқаевқа агенттіктің 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысының қорытындылары таныстырылды.

Жанат Элимановтың айтуынша, осы кезеңде 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 млрд теңге көлеміндегі шығын өтелген.

Төрт трансұлттық топ әшкереленді

Агенттік жеті ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде төрт трансұлттық топтың қызметін тоқтатқан. Сондай-ақ 176 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 44 қаржы желісі анықталған.

Есірткі саудасы мен интернет-алаяқтықтан түскен кірісті заңдастыру үшін пайдаланылған 12 астыртын криптоайырбастау пункті жойылды. Бұдан бөлек, өз есепшоттары арқылы 113 млрд теңге өткізген 36 дропперлік топ анықталған.

Кездесу барысында ТМД елдері аумағында алғаш рет ұялы байланыс операторларының жұмысын имитациялайтын құрылғыны пайдаланған күдіктілердің ұсталғаны айтылды. Олар азаматтардың дербес мәліметтерін заңсыз иемденіп, жаппай фишингтік SMS-хабарламалар таратқан.

279 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді

Президентке бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген мониторинг нәтижелері де баяндалды. Агенттік 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол бермеген.

Сонымен қатар ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде мемлекет қаржысын жымқырудың 10 млрд теңгелік ықтимал схемасы анықталған. Ал Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын заңсыз алу үшін бірқатар жеке клиниканың 140 мың азаматты жалған тіркегені белгілі болған.

Заңсыз ойын бизнесі бұғатталды

Алдын алу шаралары аясында заңсыз ойын бизнесінің белгілері бар 9 мың сайт пен аккаунт бұғатталған. Сондай-ақ интернет-алаяқтық мақсатында ашылған 2,3 мың ресурс пен 35 мыңнан астам мүшесі болған 25 чаттың жұмысы тоқтатылды.

Қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламаларына 245 мыңнан астам адам қатысқан. Агенттік мәліметінше, заңнаманы жетілдіру нәтижесінде Қазақстанның ФАТФ-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша рейтингі жақсарған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысының негізгі бағыттарына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Мұның алдында Қазақстан президенті ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездескен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз