Астананың қай ауданында студенттер 80 мың теңгеге пәтер жалдай алады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
80 мың теңгеге Астананың қай ауданынан пәтер жалдауға болады / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Жаңа оқу жылы қарсаңында Астанада жалдамалы баспанаға сұраныс артады. Әсіресе ЖОО мен колледжге түсетін студенттер үшін пәтер таңдауда баға ғана емес, оқу орнына жақын болуы, көлік қатынасы және маңайдағы инфрақұрылым да маңызды. Kursiv.media тілшісі Астанада студенттерге пәтер жалдауға ең қолайлы аудандарды анықтап, олардың бағасын салыстырып көрді.

Алматы ауданы

Студенттер жиі қарайтын аудандардың бірі – Алматы ауданы. Бұл аумақта ескі тұрғын үйлер де, жаңа кешендер де бар.

Бұл ауданда Еуразиялық гуманитарлық институттың жоғары колледжі, Д.А. Қонаев атындағы колледж, Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжі, Жоғары медициналық колледж сияқты оқу орындары орналасқан. Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университеті мен Қазақ ұлттық хореография академиясы бар. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас корпусы да Алматы ауданына жатады.

Ауданның басты артықшылықтарының бірі – азық-түлік дүкендері мен сауда орындарының көп, сондай-ақ қоғамдық көлік бағыттарының жақсы дамыған. Бұл жерден қаланың басқа бөліктеріне және университеттерге қатынау ыңғайлы. Сондықтан Алматы ауданы бюджетке қарайтын студенттер үшін қолайлы нұсқалардың бірі саналады.

Мұнда бір бөлмелі пәтерлердің бағасы шамамен 150–270 мың теңге аралығында көп кездеседі. Ал жаңа салынған бизнес-класс және премиум тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлердің жалдау құны 300–350 мың теңгеге дейін жетеді.

Дереккөз: krisha.kz

Десе де, мұндай баға санаты студенттердің көпшілігі үшін қолжетімді емес. Сондықтан олар көбіне арзанырақ нұсқаларды немесе бірнеше адам бірігіп жалдайтын пәтерлерді таңдайды. Бұл ауданнан 80–90 мың теңгеге де пәтер табуға болады, алайда мұндай ұсыныстар өте сирек кездеседі.

Сарыарқа ауданы

Сарыарқа ауданы – қаланың бұрыннан қалыптасқан бөлігі. Мұнда жалдамалы баспана бағасы сол жағалауға қарағанда төмендеу.

Артықшылықтары:

  • қала орталығына жақын;
  • көлік қатынасы жақсы;
  • күнделікті қажетті нысандар көп.

Кемшілігі – кейбір ескі үйлердегі пәтерлердің жағдайы жаңа кешендермен салыстырғанда төмен болуы мүмкін.

Бір бөлмелі пәтерлердің құны шамамен 120 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін барады.

Дегенмен 70–90 мың теңге көлемінде пәтерлер кездеседі. Алайда олардың көбі қала шетіне жақын орналасқан немесе жағдайы төмен, жөндеуді қажет ететін пәтерлер.

Дереккөз: krisha.kz

Байқоңыр ауданы

Байқоңыр ауданы да баға жағынан тиімді аудандардың бірі саналады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кейбір корпустары осы ауданда орнасқандықтан студенттер сол маңнан пәтер табуға тырысады.

Артықшылықтары:

  • жалдау құны салыстырмалы түрде төмен;
  • көлік бағыттары жеткілікті;
  • тыныш тұрғын аймақтар бар.

Алайда кейбір оқу орындарына жету үшін жолға көбірек уақыт кетуі мүмкін.

Мұнда бір бөлмелі пәтерлердің бағасы шамамен 150–190 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты 250-280 мыңға дейін барады.

Есіл ауданы

Есіл ауданы, әсіресе сол жағалау бөлігі, жаңа тұрғын кешендерімен және дамыған инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Бұл жерде университеттер, бизнес орталықтар, сауда орындары көп.

Артықшылықтары:

  • жаңа үйлер;
  • қауіпсіздік деңгейі жоғары;
  • заманауи инфрақұрылым.

Бұл аудан елордадағы ең қымбат аудандардың бірі. Сондықтан бұл ауданда пәтер жалдау көп студент үшін қаржылық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін.

Бір бөлмелі пәтер жалдау бағасы көбіне 220–350 мың теңге және одан жоғары болуы мүмкін.

Нұра ауданы

Нұра ауданы соңғы жылдары белсенді дамып жатқан аумақтардың бірі. Мұнда жаңа тұрғын кешендері көп салынып жатыр.

Артықшылықтары:

  • жаңа үйлер;
  • таза әрі заманауи аумақтар;
  • жаңа инфрақұрылым қалыптасып келеді.

Кемшілігі– кейбір бөліктерінде қоғамдық көлік желісі әлі толық дамып үлгермеген.

Бұл ауданда жалға алу бағасы шамамен 180–300 мың теңге аралығында. Арасында 120–140 мың теңгеге ұсынылатын пәтерлер бар, бірақ мұндай бағамен баспана табу қиын, себебі ұсыныс саны шектеулі.

Еске салайық, маусым айында Қазақстан бойынша жаңа тұрғын үйлердің орташа бағасы 1 шаршы метр үшін 617 555 теңгені құрады. Ең қымбат жаңа пәтерлер Астана мен Алматы қалаларында тіркелді. Астанада жаңа үйдің бір шаршы метрі 739 033 теңге, ал Алматыда 725 995 теңге болды.

Сондай-ақ оқыңыз