Әлем чемпионатындағы ең үздік гол анықталды

Жарияланды 28 Шілде 2026 16:50

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
ӘЧ-дегі ең үздік гол анықталды/Фото: FIFA

Кабо-Верде құрамасының қорғаушысы Сидни Лопеш Кабралдың 2026 жылғы ФИФА Әлем чемпионатының 1/16 финалында Аргентина қақпасына соққан голы «Hyundai Goal of the Tournament» (Турнирдің ең үздік голы) жүлдесін жеңіп алды.

«Мессидің жанында тұрған сәтімнен естелік суреттер қалады деп үміттенемін», деген еді матч алдында Сидни.

Фотографтар бұл сәтті таспаға басып қана қоймай, Кабралдың өзі жойқын соққысымен одан да үлкен марапатқа қол жеткізді.

Майамидегі «Magic City» стадионында өткен экстра-таймдағы тартысты кездесуде Кабрал Алексис Мак Аллистерді алдап өтіп, допты Эмилиано Мартинестің тоғыздығына шірене тепті. Есеп 2:2 болып теңескен еді.

Бұл әдемі гол дауыс беру нәтижесінде Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Эльдор Шомуродов пен Гаити футболшысы Уилсон Исидордың голдарын басып озып, бірінші орынға шықты.

Осылайша, 23 жастағы Кабрал бұрын бұл жүлдені иеленген Макси Родригес, Диего Форлан, Хамес Родригес, Бенжамен Павар және Ришарлисон сияқты жұлдыздардың қатарына қосылды.

«Не істегенімді өзім де түсінбей қалдым»

«Қарсыласымды алдап өткенде, бос кеңістікті көріп, соққы бағыттауға бел будым. Екі аяқпен де жақсы соға аламын. Тоғыздықты көздеп едім, доп өте сәтті бағытталды. Доптың қақпа бұрышына қарай ұшып бара жатқанын көргенде: «Ау, мен не істеп қойдым?» — деп таңғалдым. Әріптестерім айқайлап, бастарын ұстап, қуаныштан жарылайын деді. Толқығаннан қайда жүгірерімді білмей қалдым», – дейді Кабо-Верде тумасы.

65 мың көрермен жиналған стадионда Кабрал голын тойлау үшін трибунадағы анасы мен сүйіктісіне қарай жүгірген. Алайда, бұл тарихи сәтте оның анасы Тереза қуаныштан есінен танып қалған екен.

«Ойын алдында анама гол соқсам, сіздерге қарай жүгіремін деп айтқан едім. Жетіп келсем, анам жылап тұр, тіпті мені байқамады да. Анам гол соққан сәтімде талып қалғандықтан, айналадағылар оған көмектесіп жатты», – деп еске алады футболшы.

Еске салайық, Испания әлем чемпионатының финалында Аргентинаны жеңді. Испания құрамасы ең басты кубокты иеленгенімен, қанжығасына байланған сыйақысының қомақты бөлігін жергілікті билікке аударуға мәжбүр.

Сондай-ақ оқыңыз