Министрлік Алматы қаласындағы жарықтың жиі сөнуіне қатысты пікір білдірді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Алматы облысы мен қаласында жарық неге жиі өшіп қалады
Алматы облысы мен қаласында жарық неге жиі өшіп қалады / фото: kursiv.media

Жаз басталғалы бері елдің бірнеше өңірінде жарықтың жоспардан тыс өшуі тұрғындардың мазасын қашырды. Мәселен бұндай жағдайлар Алматы облысы мен Алматы қаласында, Орал қаласында жиі кездеседі. Үкіметте өткен брифингте энергетика министрлігінің өкілі Ернар Хасенов жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Айтуынша, Алматы қаласы мен Алматы облысында электр энергиясының штаттан тыс сөніп қалуы болып тұрады, бірақ мұндай жағдай барлық жерде орын алады.

Дегенмен министрлік өкілі соңғы үш жылда Алматыдағы жарық беру кезіндегі бұзушылықтар саны 3 есеге азайғанын алға тартты.

«Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы үш жыл ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысында электр беру желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар саны үш есеге азайып, 15 пайызға төмендеді. Кейбір қатардағы ажыратулардың болатынын жоққа шығармаймын, мысалы, Астана қаласының жекелеген шағынаудандарында да жарық сөнетін кездер болады, бірақ олардың барлығы жедел түрде бір тәулік ішінде, ал кейбірі үш сағат ішінде жойылады», – деді энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының м.а. Ернар Хасенов

Министрлік өкілі Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарына электр энергиясын жеткізу қызметін «Алатау Жарық Компаниясы» көрсететін атап өтті.

Сонымен қатар Алматы қаласы мен Алматы облысын электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында «Комсомольская» қосалқы станциясын салу көзделген.

Ернар Хасенов Орал қаласындағы электрмен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.

«Орал қаласына келетін болсақ «Батыс Қазақстан РЭК» компаниясы жұмыс істейді, бұл – жергілікті электр желілік компаниясы. Біз жылыту маусымына дайындық аясында олардың дайындығына жыл сайын талдау жасаймыз», дейді ол.

Министрлік өкілі жарықтың өшуіне қатысты жекелеген фактілер болса, оларды ортаға салып қарастыруға ниетті екенін білдірді.

«Энергетикалық қадағалау комитеті өз құзыреті шеңберінде «Батыс Қазақстан РЭК» компаниясына қатысты барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын. Егер бұл деректер расталса, біз аумақтық департаментпен бірлесіп тексеру жүргізіп, субъектіні әкімшілік жауапкершілікке тартуға дайынбыз», – дейді Ербол Хасенов.

Бұған дейін Алматыда 21-24 шілде аралығында қаланың бірқатар ауданында электр қуаты уақытша өшірілетіні хабарланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз