Банк пен қаржы

Мүгедектігі бар адамдар несие төлемін азайта алады: ҚНРДА жаңа шаралары

Мүгедектігі бар адамдар несие төлемін азайта алады / Фото: Shutterstock

Мүгедектігі бар 26 мыңға жуық қазақстандықтың 48 млрд теңгеге проблемалық несиесі бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде (ҚНРДА) борыштық жүктемені азайтуға және несие берушілермен сотсыз келісуге қандай шаралар көмектесетінін айтып берді.

Қазақстанда I және II топтағы мүгедектігі бар адамдардың берешегімен жұмыс істеу тәсілі өзгеруде. Барлығына бірдей ортақ шешім қабылдаудың орнына, әрбір қарыз алушының жағдайы жекелей – кірістері, мүліктік жағдайы, отбасы құрамы және басқа да өмірлік мән-жайлары ескеріле отырып қарастырылатын болады.

Пилоттық жоба ҚНРДА мәліметінше, бүгінде I және II топтағы мүгедектігі бар 105,6 мыңнан астам қазақстандықтың жалпы сомасы 262 млрд теңге болатын несиесі бар. Оның ішінде 26,3 мың адамның 48 млрд теңгеге проблемалық берешегі бар. Алматыда мүгедектігі бар 10 мыңға жуық адам несие қайтаруда қиындықтарға тап болған, олардың жалпы қарызы 8,6 млрд теңгені құрайды.

Азаматтардың осы санаты үшін ҚНРДА Алматы әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Әділет министрлігімен бірлесіп, берешекті кешенді реттеу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда.

Қарыз алушыларға қарызды қайта құрылымдау (реструктуризациялау), борыштық жүктемені азайту, төлемдерді кейінге шегеру, несие мерзімін ұзарту немесе өтеудің жаңа кестесі ұсынылуы мүмкін. Егер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкін болмаса, азаматтарға банкроттық рәсімінен өту тәртібі түсіндіріледі.

«Әңгіме қарыздарды жаппай кешіру туралы емес, азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіріп, міндеттемелерін шамасы келетін шарттармен орындай алуына жағдай жасау туралы болып отыр», – деп атап өтті ҚНРДА Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап finkelisim.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді, ол арқылы бірнеше несиесі бар қарыз алушылар берешекті реттеуге бір ғана өтініш бере алады. Сервисті екі немесе одан да көп несие беруші алдында 90 күннен астам мерзімі өткен қарызы бар, ал қарыз сомасы 648 мыңнан 6,9 млн теңгеге дейін болатын азаматтар пайдалана алады.

Әлеуметтік осал санаттар үшін өтеудің жұмсақ шарттары – ай сайынғы төлемдерді азайту және төлеу мерзімін ұзарту қарастырылған. Бірінші кезеңде 350 мыңға жуық проблемалық қарыз алушы платформаның әлеуетті қатысушысы атануы мүмкін.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қаржы омбудсманы жұмысының жаңа ережелері күшіне енеді, ал алдағы уақытта көмек көрсетудің барлық тетіктерін Бірыңғай берешекті реттеу орталығына біріктіру жоспарлануда.