Алтын өндіруші компания басшыларына 91 млн теңге төлеген

Алтын өндіретін BASS Gold компаниясы топ-менеджерлеріне 2025 жылы 91,7 млн теңге сыйақы төлеген. Бұл туралы Қазақстан қор биржасындағы хабарламада жазылған.
2025 жылы компанияның таза табысы 3,11 млрд теңгеден асты. Ал 2024 жылы 3 млрд теңгеден аса шығынға батқан болатын. Дегенмен былтырғы таза пайдасынан акционерлеріне дивиденд төлемейді.
Компанияның түпкі иесі – Шыңғыс Сәдуақасов. Басқарма құрамына құрылтайшыдан бөлек 6 адам енген.
BASS Gold – алтын мен басқа да бағалы металл өндіріп, өңдейтін қазақстандық компания.
Басты активі – Ұлытау облысында орналасқан Үшшоқы кен орны. Сонымен қатар компания Алматы облысындағы (Шынасыл-Сай) активтермен де жұмыс істеген. Компания геологиялық барлау жүргізіп, кен өндіреді және дайын өнім шығарады.
Алтынды тазарту үшін аффинаж зауыттарымен серіктестік орнатқан. 2025 жылы үш жаңа аймақта барлау жүргізуге ресми рұқсат алған.