Премьер Бектенов Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиевті сынады

Премьер-министр Олжас Бектенов 28 шілдедегі үкімет отырысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқыны бәсең өңірлердің бірі ретінде Алматы облысын атады. Астанадағы жиналыста Үкімет басшысының айтуынша, осы облыста әлі күнге дейін жобалар бойынша келісімшарт жасалмаған.
Сейсенбідегі жиналысқа қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айтылған сынға жауап беруге тырысты. Оның айтуынша, өңірде энергетика және коммуналдық салаларды жетілдіру бойынша 62,9 млрд теңгенің 10 жобасы қарастырылған. Олардың төртеуін жергілікті атқарушы мекемелер, қалған алтауын (58,9 млрд теңге) «Алатау Жарық Компаниясы» (АЖК) жүзеге асыруға тиіс.
«АЖК» конкурстық рәсімдер жүргізіп жатыр. Қорытындылары 25 қыркүйекке дейін шығарылады. Жергілікті атқарушы органдар 50% жоспарды орындады. Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстар қарашаның соңына дейін аяқталады», – дейді облыс әкімі.
Алайда Сұлтанғазиев өңірде сумен жабдықтау саласында мәселе бар екенін мойындап отыр. Оның айтуынша, өңірде жалпы құны 2 млрд теңгенің екі жобасы жүзеге асады.
«Аталған жобалар бойынша конкурстық рәсімдер 2026 жылғы 5 маусымында басталған. Алайда 14 маусымда прокуратура ұсынысы негізінде конкурс қорытындыларының күші жойылды. Осыған байланысты біз жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарттық», – дейді Сұлтанғазиев.
Әкімнің айтуынша, осы жобаларға қатысты конкурстар қайта жарияланған. Қорытындысы 25 тамызға дейін шығуға тиіс. Сұлтанғазиев сумен қамту саласындағы жұмыстарды жыл аяғына дейін бітіруді көздейді.
Дегенмен премьер Бектенов облыс әкімінің жауабына қанағаттанған жоқ.
«Сізді тыңдасақ, Сізден басқалардың бәрі кінәлі. Тездетіңіздер», – деді үкімет басшысы.
50 жастағы Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі қызметіне 2022 жылғы 11 маусымда тағайындалған. Ол өңірді төрт жылдан астам уақыттан бері басқарып келеді.