ШҚО-да заңсыз алтын өндірген топтың қызметі тоқтатылды

Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында тиісті рұқсат құжаттарынсыз алтын өндірілгені анықталды.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады.
Агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен және прокуратурамен бірлесе отырып, заңсыз қызметті тоқтатқан.
«Құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру және өңдеу салдарынан қоршаған ортаға елеулі залал келтірілді. Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылып, өзен арнасы өзгертілген», – делінген хабарламада.
Агенттіктің хабарлауынша, заңсыз жұмыстар жалпы аумағы 30 гектар жер учаскесінде ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүргізілген. Заңсыз қызметке 30-дан астам адам, оның ішінде Қытай азаматтары тартылған.
Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш, сондай-ақ құрамында алтыны бар кенді өндіруге және жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді. Тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Ал Ақмола облысында жасырын алтын өңдейтін цех анықталған болатын.