Жедел жәрдем станциясының директоры бюджетті жымқырғаны үшін 9 жылға сотталды

Астананың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы директоры 443 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот материалдарына сәйкес, 2020-2023 жылдар аралығында, Қазақстандағы төтенше жағдай режимі кезінде станция басшысы көлікпен қамтамасыз ету бөлімінің бастығымен және бас механикпен бірлесіп, ақша жымқыру схемасын ұйымдастырған. Олар жедел жәрдем көліктерін жылдам жөндеу және қаражатты үнемдеу желеуімен кәсіпорында жеке техникалық қызмет көрсету станциясын ашқан.
Айыпталушылар санитарлық автокөліктердің қосалқы бөлшектерін заңсыз есептен шығарып, іс жүзінде ешқандай жұмыс атқармаған мердігермен жөндеу шарттарын жасасқан. Нәтижесінде мемлекетке 443 миллион теңгеден астам шығын келген. Сонымен қатар, кәсіпорынның тағы бір қызметкері қызметтік бабын пайдаланып, 268 мың теңгеден астам соманың мүлкін ұрлаған.
Бұрынғы директор мен оның екі әріптесі кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды сұрады. Алайда сот олардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен толық расталды деген шешімге келді. Қылмыстың төтенше жағдай кезінде жасалуы жағдайды ауырлататын мән-жай деп танылды. Бүгінгі таңда 443 миллион теңге шығын өтелген жоқ.
Сот шешімімен станцияның бұрынғы директоры 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Көлікпен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы мен бас механик 8 жылға сотталды.
Төртінші айыпталушыға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, бірақ ол амнистия бойынша жазадан босатылды. Сот оның кінәсін мойындағанын, шығынды өтегенін және жәбірленуші тараппен татуласқанын ескерді.
Сондай-ақ, сот сотталғандардан жәбірленуші тараптың пайдасына 443 миллион теңгеден астам қаражатты өндіру туралы азаматтық талапты толық қанағаттандырды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.