Аптап ыстықта БҚО-да бір аудан ауыз сусыз қалды

Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы төрт күн бойы ауыз сусыз отырғаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті тұрғындар қатты ыстық кезінде сусыз қалғандарына наразылық білдіруде.
«ҚазАқпарат» жазуынша, халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін Жаңақала су құбыры желісінде апат болған. Қазіргі уақытта апаттық-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды.
Қазір мамандар резервуарларды толтырумен айналысып жатыр. Қазірдің өзінде 1 200 текше метр су жиналды, қосымша тағы 750 текше метр жиналды. Сыйымдылығы шамамен 50%-ға толды.
Мамандардың болжамы бойынша, таяу бір-екі күнде резервуарлар толық толтырылады, содан кейін су беру штаттық режимге ауысуы тиіс. Осы кезеңде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су келесі кесте бойынша тәулігіне үш рет беріледі:
- таңертең – 08:00-ден 09:00-ге дейін;
- түсте – 13:00-ден 14:00-ге дейін;
- кешке – 17:00-ден 18:00-ге дейін.
«Мүмкіндігінше су беру уақыты кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Қысымы төмен кейбір көшелердің тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мақсатында екі арнайы техниканың көмегімен су тасу ұйымдастырылуда, – деп атап өтілген ресми жауапта.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, судан іркілістер аудан орталығы – Жаңақала ауылында, сондай-ақ, Көпжасар ауылдық округінде байқалады. Жаңақалада 9 мыңнан астам адам, Көпжасарда 2 мыңға жуық тұрғын тұрады.