Кімдерге баспана алу үшін 7 млн теңгеден беріледі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Бағдарламаға қатысушылар қатары да кеңейтілді/фото: pexels

Елде кадр тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып жатыр. Басты жаңалықтың бірі – берілетін қаржының көбеюі. Осылайша жеке тұрғын үй сатып алуға берілетін сертификаттың ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін жетеді.

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, басты мақсат – азаматтардың тек өңір ауыстыруына ғана емес, жаңа жерде жайлы қоныстанып, баспаналы болып, тұрақты өмір сүруіне жағдай жасау.

«Мемлекеттік қолдау тек тұрғын үй сертификатымен шектелмейді. Қоныс аударушыларға көшуге арналған субсидиялар төленеді, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындары өтеледі, сондай-ақ жұмысқа орналасуға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Оның үстіне, жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ жұмыс тауып, жұмыс берушіні таңдауға мүмкіндік бар», – делінген ақпаратта.

Кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға қатысушылар қатары да кеңейтілді. Бұған дейін негізінен жұмыссыз азаматтарға арналса, енді мемлекеттік қолдау шараларын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және қожалықтар басшылары да пайдалана алады.

Бағдарлама толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Өтінім беру, өңірлер картасымен, сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысу және қолайлы бос жұмыс орнын таңдау migration.enbek.kz порталы арқылы қолжетімді.

Айта кетейік, бағдарлама 2017 жылы іске қосылған. Содан бері оған 73,9 мың адам қатысқан.

Елдегі бос жұмыс орындарының үштен бірі, яғни 340 мыңнан астамы білім беру саласына тиесілі. Сұраныс бойынша екінші орында денсаулық сақтау саласы тұр. Қазір ауруханалар мен емханаларға 110 мың дәрігер мен медициналық қызметкер қажет.

Сондай-ақ оқыңыз